Астана қаласы әкімдігінің «№ 1 „Асыл Мирас“ аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» КММ

2015 жылы «Болат Өтемұратов Қоры» жеке қоры аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету мақсатында «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама АҚШ-тағы жетекші аутизм орталықтарының тәжірибесіне негізделіп, тиімділігі дәлелденген технологияларды, терапиялар мен әдістемелерді қолдануды көздейді.

Бағдарлама Қазақстанда АСБ бар балаларға көмек көрсетудің ең тиімді әдістерін зерделеуге және енгізуге бағытталған. Оның негізгі міндеттері — АСБ-ны мүмкіндігінше ерте анықтау, балаларды әлеуметтендіру және өмірге қажетті дағдыларын дамыту. Бағдарлама аясында Қор Қазақстан өңірлерінде орталықтар желісін ашты. Астанадағы орталық 2015 жылы құрылды; алғашқы бес жыл ішінде мұнда 3000 бала арнайы қолдау алды.

«Асыл Мирас» орталықтарының негізгі қызмет бағыты — АСБ бар балалар мен олардың отбасыларына мына бағдарламалар бойынша психологиялық-педагогикалық көмек көрсету:

  • «Ерте қолдау»;
  • «Оқыту дағдыларын дамыту»;
  • «Өмірлік дағдыларды дамыту»;
  • «Әлеуметтік дағдыларды дамыту»;
  • JASPER.

Орталық мамандары ата-аналарды оқытып, оларды білім беру үдерісіне белсенді түрде тартады. Семинарлар ата-аналарды толық қамти отырып өткізіледі. Олардың мақсаты — ата-аналарға баланың жағымсыз мінез-құлқын өз бетінше реттеуге және оның әлеуметтік дағдыларын дамытуға үйрету.

Астана қаласының әкімдігі мен Болат Өтемұратов Қоры арасындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде «Асыл Мирас» орталығы мемлекет қарамағына беріліп, Астана қаласы әкімдігінің «№ 1 „Асыл Мирас“ аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» КММ ретінде жұмысын жалғастырды.

Мекеме үшін мемлекет Ш. Уәлиханов көшесі, 23/2 мекенжайындағы ғимаратты бөлді. Болат Өтемұратов Қоры ғимаратты заманауи талаптарға сай жөндеп, оны жиһазбен, ұйымдастыру техникасымен және оқу-әдістемелік материалдармен жабдықтады.

2020 жылғы 22 мамырдан бастап 22 қызметкерден тұратын ұжым бекітілген штат кестесіне сәйкес КММ-ге ауысты. Ұжым құрамына басшы, тіркеуші, дефектологтар, педагог-психологтар және әлеуметтік педагогтер кірді.

Мекеме бекітілген Жарғыға сәйкес жұмыс істейді және «Болат Өтемұратов Қоры» жеке қорының «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын іске асыруды жалғастырады.

«Асыл Мирас» орталығы — 1-сурет «Асыл Мирас» орталығы — 2-сурет «Асыл Мирас» орталығы — 3-сурет «Асыл Мирас» орталығы — 4-сурет
Біздің серіктестер